Ә. Құсайынов : Қиындыққа тап болған кәсіпорындар заңнамада көрсетілген баптарды мүлтіксіз орындауы тиіс
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кәсіпорындардағы жұмыс берушілер, кәсіподақтар мен жергілікті атқарушы органдар арасында үшжақты меморандумдар бекітулуі тиіс.
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов мәлім етті.
«Бүгінде әлемдік дағдарыс кейбір қиындықтар тудыруда. Металдардың, мұнайдың бағасы құлдырады. Кейбір шикізаттар өзіндік құнынан да төмен бағалануда. Бұл тұрғыда түрлі сауалдар туындауда. Осыған байланысты екі апта бұрын Үкіметтің, жұмыс берушілердің және кәсіподақтардың деңгейінде үшжақты комиссияның отырысын өткізіп, дағдарыс уақытында кәсіпорындар, кәсіподақтар және жергілікті атқару органдар арасында меморандумдар бекітеміз деп келістік. Атап айтқанда, бұл бағытта ойын ережесін нақты айқындауымыз керек, - деді Ә. Құсайынов.
ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының сөзіне қарағанда, егер де кәсіпорындар өз жұмысында қиындықтарға тап болса, онда міндетті түрде кем дегенде Еңбек кодексінің жеті бабын мүлтіксіз орындауы тиіс.