Ә.Құсайынов сайлауалды бағдарламасын ҚР Президенттігіне үміткер ретінде тіркелгеннен кейін жариялайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әбілғазы Құсайынов сайлауалды бағдарламасын ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркелгеннен кейін жариялайды. Бұл туралы ол бүгін ҚР Президенттігіне үміткерлердің мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия сынынан өткеннен кейін мәлімдеді.

Ә.Құсайынов сайлауалды бағдарламасын ҚР Президенттігіне үміткер ретінде тіркелгеннен кейін жариялайды

«Үш кезеңнен тұратын мемлекеттік тілді еркін меңгергендікті анықтау сынағынан өттім. Бірінші кезеңде жазба жұмысын жазып, екіншісінде мәтін оқыдым. Үшінші кезеңде белгіленген тақырып бойынша еркін әңгіме болды. Меніңше сынақтың үш кезеңін де жақсы тапсырдым. Оны комиссия төрағасынан өздеріңіз де естідіңіздер», - деді Ә.Құсайынов сынақтан кейін.

Сонымен қатар ол лингвистикалық комиссия әрбір кандидатқа әділ болғанын баса айтты.

«Сайлауалды бағдарламамды жариялауға әлі ерте. Бүгінгі күнгі басты мәселе тіркеуден өтіп, 93 мың қолдау қолын жинау керек. Содан кейін мен өзімнің сайлауалды бағдарламамды жария ететін боламын», - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.