А.Мамытбеков биылғы егін орағы бойынша есеп береді
АСТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат - Келесі аптада біз Үкіметке егін орағы бойынша есеп береміз. Бұл туралы бүгін Астанадағы Ақмола облысының жәрмеңкесі аясында журналистерге сұхбат берген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.
Оның айтуынша, келесі апта сейсенбі күні өтетін Үкімет отырысында биылғы егін орағы мәселесі қаралады. «Сол жерде біз есеп беріп, астықты жинау жұмысының қорытындысын шығарамыз. Қазіргі кезде жиналмай отырған бидайдың көлемі көп емес. Ауа-райы қолбайлау болып отыр. Негізі, оның барлығын бір-екі күннің ішінде бітіруге болады», - деп атап көрсетті А.Мамытбеков.
Айта кетейік, осыдан екі күн бұрын ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі егін алқабы өнімдерінің 97 пайызы жиналғаны туралы хабарлаған болатын. Қазіргі болжамға сәйкес, астықтың жалпы көлемі 18,5-19 млн. тоннадай болады.