А.Мамытбеков министрліктің әрбір комитетінде жемқорлыққа жол беретін әрекеттермен күресетін кеңестер құруды ұсынды

АСТАНА. 24 ақпан. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков министрліктің әрбір комитетінде кәсіпкерлікті қолдау және сыбайлас жемқорлық әрекеттерімен күрес жөніндегі кеңестерді құруды ұсынды.

 А.Мамытбеков министрліктің әрбір комитетінде жемқорлыққа жол беретін әрекеттермен күресетін кеңестер құруды ұсынды

Министр бұл туралы бүгін, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында көтерілген еліміздің агроөнеркәсіп кешенінде сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жою жөніндегі міндеттерін талқылауға арналған жиында айтты.

Ведомство басшысы еліміздің кәсіпкерлік саласының өкілдерін осы кеңестердің жұмысына белсенді қатысуға шақырды. «Кеңес өкілдері комитеттің құзырындағы әрбір құжатты бүге-шігесіне дейін жан-жақты талқылап шығуы керек. Ал комитеттің жетекшілері өз құзырындағы әрбір құжаттың қажеттігін және одан туындайтын міндеттердің талапқа сай жүзеге асырылып жатқандығын дәлелдеуі керек. Бұл комитет құжаттарының барлығын жойып жіберу дегенді білдірмейді. Мұндағы мақсат қажетті құжаттың барынша тиімді жұмыс істеуіне ықпал етіп, жемқорлыққа жол беретін құжаттарды алып тастау»,-деді министр.

Оның сөзінше, комитет құжаттарын жан-жақты талқылаған кеңес өкілдері бұл бағыттағы жұмыстардан тиісті қорытынды шығарып, оны министрлікке жолдайды. Ал министрлік осы қорытынды негізінде жұмысты жемқорлық әрекеттерінсіз қалайша тиімді жүзеге асыруға болатындығын ойластыра.

«Осы ретте айта кететін мәселе, біз алдында уәде еткеніміздей, субсидиялаудың ережелері жөніндегі барлық мәліметтерді министрліктің сайтына орналастырдық»,-деді А.Мамытбеков.