А.Мамытбеков орынбасарының баяндамасын сын тезіне алды

А.Мамытбеков орынбасарының баяндамасын сын тезіне алды

АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін мал азығын өндіру мәселесіне арналған ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Асылжан Мамытбеков орынбасары Гүлмира Исаеваның баяндамасындағы бірқатар кемшілікті атап көрсетіп, сынға алды.

«Қостанай облысында шөп 36 пайызға дайындалған. Бұл қате емес пе? Өйткені қатар орналасқан Солтүстік Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 106, ал Ақмола облысында 105 пайыз», - деді А.Мамытбеков орынбасарына қарата.

Өз кезегінде вице-министр аталған мәліметтің жаңсақ екендігін айтып, техникалық қателіктерге жол берілгендігін мойындады. «15-ші слайдты ашыңызшы. Мінекей, тұқым бойынша, баяндамада атап өтілген 315 мың деген сан қайда? Баяндамада 315 мың деп жазылған, ал сіз қазір ғана 317 мың дедіңіз. Анықтаңыз, Шығыс Қазақстан облысы бойынша да мәліметтерде қателіктер кеткен сияқты», - деді министр.

Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, баяндамада азықтық дақылдар проблемасына терең талдау жасалмаған. «Осы жерде баяндаманы мақтап жатыр. Алайда ол негізінен фактілерді атап өту мен статистикаларды тізіп шығуға бағытталған. Яғни, проблеманы терең талдау жоқ. Ең бастысы, не істеу керек, проблеманы қалай шешу қажет, не қолдану керек деген жайттар көтерілмеген», - деді ол.