А. Мамытбеков отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізудегі түйткіл мәселелерді атады - Үкімет отырысы

АСТАНА. 8 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуге кедергі келтіріп отырған негізгі мәселелерді сөз етті.
None
None

«Проблеманың біреуіне тоқталатын болсақ, шикізат тапсырушылар қосымша құн салығын төлемейді, ал қайта өңдеушілер аталған төлемдерді жасайды. Нәтижесінде қосымша құнға есептелуі тиіс салық қайта өңдеушілер үшін барша айналымнан қамтылған салық болып келеді»,-деді министр.

Осы орайда ол шикізатты сатып алушы делдалдарды қосымша құн салығын төлеуден босату керектігін немесе сала бойынша жалпы ҚҚС мөлшерлемесін төмендету керектігін айтты.

Министрдің айтуынша, өнімді қажетті ыдыспен немесе қаптамамен қамтамасыз етуде де проблема бар. Мәселен, қайта өңдеу өнеркәсібі өнімінің өзіндік құны құрылымында қамтамалық материалдарға шығындар 10-30 пайыз деңгейінде қалыптасып отыр.

«Бүгінде қаптамалық материалдардың импорты бұрынғысынша жоғары болып отыр. Сонымен қатар аталған материалдарға импорттық баға артып келеді және бұл өз кезегінде өнімнің өзіндік құнына ықпал етуде»,-деді АШМ басшысы.

Бұған қоса А. Мамытбеков алдамшы өнімдермен күресу, нарықты жасырын демпингтен қорғау мәселелерін атады.

«Бүгінде қолданыстағы демпингке қарсы заңнама жұмыс істемейді. Демпингке қарсы шаралар тек тексеру нәтижесі бойынша ғана қолданылады. Бұл тұрғыдағы үдерістер тым күрделі, ұзақ уақытты қажет етеді, сондай-ақ мемлекет экономикасына келтірілген шығын анықталған жағдайда ғана қолданылады»,-деп түйді министр.

Соңғы жаңалықтар