А.Мамытбеков: Отандық терiнi көлiк орындықтарын тiгуге қолдану жайы қарастырылып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Отандық терiнi көлiк орындықтарын тiгуге қолдану жайы қарастырылуда. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылық министрi Асылжан Мамытбеков мәлiм еттi.

А.Мамытбеков: Отандық терiнi көлiк орындықтарын тiгуге қолдану жайы қарастырылып жатыр

Елдегi ауыл шаруашылық саласының дамуына тоқталған министр, Қазақстанда сұранысқа ие емес жүн мен терi өндiрiсiнiң негiзгi түйткiлдерiне тоқталды.

"Бiздiң елде өндiрiлетiн жүннiң тек биязы жүн деп аталатын түрі ғана сұранысқа ие. Ондай өндiрiлетiн жүннiң көлемi 6-7 мың тонна, оның 2 мың тоннасы Таразда топске дейiн өңделiп, Италияға экспортталуда. Топстан жiп жасап, жiптен мата, матадан киiм жасау - министрлiктiң құзырына кiрмейдi, бiрақ оған сұраныс бар. Мысалы, оқушылар киiмiнiң жыл сайынғы қажеттi көлемi 2 миллион шаршы метрге жуықтайды. Бiз бұны құзырлы министрлiкпен бiрге жүндi топс күйiнде қалдырмай, ары қарай өңдеп, киiм шығаратындай етiп, Түркия мен Қытайдан киiм-кешек әкелмей, осы жерде-ақ оны өңдейтiндей жол iздеп жатырмыз", - дедi ол бүгiн ОКҚ брифингiнде.

Оның сөзiне қарағанда, ауылдарда сұраусыз жатқан терiлердi жарату жағы қарастырылып жатыр.

"Терiнi айтатын болсақ, оны да дамытуға мүдделiмiз, бiрақ ол бiздiң құзыретiмiзге жатпайды, терiнi терең өңдеу бағыты Инвестициялар және даму министрлiгiне жатады. Бiз оларға ұсыныс жасадық, қазiр бiз көлiк өндiрiсiн жолға қойып жатырмыз, сол көлiктiң орындықтары терiден жасалынған кезде оны дайын кресло түрiнде алып келемiз. Неге оны өз елiмiзде терiден тiкпеске?! Бiздiң шаруаларымызға орасан көмек болатын едi. Сұранысқа ие болмай жатқан терi өтер едi. Шикiзат түрiнде Қытайға, Түркияға кетiп жатыр, содан дайын өнiм келедi. Бұл әрине дұрыс емес", - дедi министр.