А. Мамытбеков: Сенімді жоғалтсам, отставкаға кетуге дайынмын
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков өзінің бұрынғы орынбасары Мүсілім Өмірияев кінәлі деп танылса, отставкаға кететіні жөніндегі мәлімдемесіне орай facebook-те түсініктеме берді.
Бүгін ауыл шаруашылығы экс-вице-министрі 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
«Өмірияев туралы ақпаратты қалай қабылдағаным жөніндегі көптеген сұрақтарға берер жауабым - оңай болған жоқ.
Мен оның кінәсіздігіне сендім, қазір де сенемін. Ол параны бопсалаған жоқ және ең бастысы, қызметтік бабын пайдалана отырып біреудің мүддесі үшін әрекет (немесе керісінше әрекетсіздік) жасауы мүмкін емес. Алғашқы инстанциядағы соттың үкімі өз күшіне енген жоқ, сондықтан Конституцияға сәйкес және заң бойынша ол кінәсіз болып табылады. Өмірияевтің, оның қорғаушыларының мұны дәлелдеп шығуға мүмкіндіктері бар. Қорытынды үкім шығаруға жоғары тұрған соттар бар.
Жұмыстан кетуге дайынмын ба? Иә. Маған деген сенім жоғалған сәтте жұмыстан кетуге дайынмын (айтпақшы, Өмірияев қамауға алынған сәттен бастап, мен екі рет отставкада болдым - 2014 жылдың сәуірінде министрлер кабинетінің отставкасы кезінде және тамызда үкіметті оңтайландыру кезінде).
Бұл менің жұмысымды бағаламайды дегенді білдіре ме? Жоқ. Мен өз жұмысымды өте бағалаймын. Маған қазіргі жұмысым ұнайды. Тіпті мен оған әуеспін деуге болады. Басқалай болған жағдайда мұндай ауыр жүкті (бірінші кезекті моральдық тұрғыдан) көтеру мүмкін болмас еді. Жақсы нәтиже де жоқ емес (келісемін - бұл жеке пікірім). Шешілмеген міндеттер де жетерлік", - деп жазды А. Мамытбеков.
Естеріңізге сала кетейік, М. Өмірияев мемлекеттік сатып алулар конкурсында кәсіпкерге жеңімпаз атануға көмек бергені үшін 100 мың АҚШ доллары сомасында пара алды деп айыпталған еді. Қаржы полициясы ауыл шаруашылығы экс-вице-министрін 2013 жылғы 21 желтоқсанда қамауға алған болатын.