А.Мұхамбетов: Жұмысымыздың басты бағыты - аграрлық сектор

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Орталық коммуникациялар қызметінің аймақтық филиалында брифинг өткізді.

А.Мұхамбетов: Жұмысымыздың басты бағыты - аграрлық сектор

Аймақ басшысының айтуынша, облыс әкімінің басты мақсаты - Қостанай облысының экономикасына инвестиция тарту. Бұл ретте, жұмыстың басты бағыты - аграрлық сектор болмақ. Жаңа заңға сәйкес, бұл салада біраз уақыттан кейін ауыл шаруашылық мақсатына арналған жерлер сатылады бастайды. «Жалпы, облыста сататын 10,5 млн гектар жер бар, әзірге 45 мың гектары сатылды. Бірақ, шілде айынан бастап, жаңа заңға сәйкес, жер участоктарын жекеменшікке беру жұмысы жанданады», - деп мәлім етті әкім.

Оның айтуынша, жаңа жылдан бастап облысқа қарқынды түрде стратегиялық инвестиция тартыла бастаған. Мысалы, былтыр бұл көрсеткіш 15 пайызға азайып кеткен еді, 2016 жылдың екі айында 10 пайыздық өсім тіркелген екен.

«Экономиканы дамыту үшін шикізатты азайту керек. Сондықтан, облыс бойынша балқытылған темір өндіретін зауыттың (қытай инвесторларымен бірге) құрылысы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін зауыттың құрылысы сияқты ірі жобаларды қарқынды түрде жүзеге асырып жатырмыз», - деді облыс әкімі.

А.Мұхамбетов ертең Татарстан Республикасының Президенті Руслан Миннихановпен кездесетінін және Татарстанда өтетін кездесу барысында экономика тақырыбында келіссөздер өтетінін хабарлап өтті. Қостанай облысынан баратын делегация облыстың экономикасына серпін бере алатын салалардағы кәсіпорындарды аралап, тәжірибе алмасады деп күтілуде.