А.Мұхамедиұлы: Бұқаралық спорт - жоғары жетістіктер спортының негізі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Бұқаралық спортты дамытудың заманауи тенденциялары: проблемалары мен шешімдері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастады.

А.Мұхамедиұлы: Бұқаралық спорт - жоғары жетістіктер спортының негізі

Шараның жалпы отырысын ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ашып берді. Конференция қонақтары мен қатысушыларына арналған құттықтау сөзінде министр бұқаралық спорттың жоғары сатылы спортшыларды дайындаудағы ерекше маңызын атап өтті.

«Бүгінде әлемнің әр түкпіріндегі спорттық қауымдастықтар дене тәрбиесі жүйесінің барлық адамдарға, әркімге қолжетімді болуын қамтамасыз ету, халықаралық спорттық алаңдағы ұлттық спорттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелерін шешумен белсенді айналысып келеді. Өйткені бұқаралық спорт - жоғары жетістіктер спортының негізі. Аса ірі ұлттық және халықаралық жарыстардағы жеңістер мен рекордтар бұқаралық спортпен және дене шынықтырумен айналысуға жетелейтін үлкен ынталандыру болып табылады. Менің ойымша, бұл конференция біздің елдеріміз арасындағы спорттық қарым-қатынастарды тереңдете түсіп, бұқаралық және олимпиадалық спортта үлкен жетістіктерге жетуіміздің негізі болады», - деп атап өтті министр.

Айта кетейік, конференция жұмысына Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Украинадан келген жалпы саны 300-ге жуық дене шынықтыру және спорт, спорттық ұйымдар басшылары спорт түрлері бойынша федерациялардың өкілдері, ғалымдар , әдіскерлер мен спорттық жаттықтырушылар қатысуда.