А.Мұсақожаева Чайковский атындағы халықаралық конкурсты Қазақстанда өткізу туралы ұсыныс айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемге танымал скрипкашы, Қазақстан Республикасының халық әртісі, «Шабыт» өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева Қазақстан Чайковский атындағы халықаралық конкурсты өткізуге әбден лайық ел дейді. Бұл ойын халық әртісі бүгін «Шабыт» фестиваліне орай Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.
«Бұл халықаралық фестиваль біздің республикамыз үшін жақсы «жарнама» болатын еді. Өнеріміз үстем бола түсер еді. Біз осы халықаралық форумға қатысып, қазылар алқасының қатарынан табылуға дайынбыз. Бұл конкурс Жапония, Оңтүстік Кореяда, әрине, Мәскеуде өтті. Енді Қазақстанда ұйымдастырылса, өте қызықты жоба болар еді», - дейді А.Мұсақожаева.
Ал, Чайковский атындағы халықаралық конкурстың лауреаттар қауымдастығының бас директоры Андей Щербак «Шабыт» фестивалінің жеңімпаздарын Мәскеуде концерт қоюға шақырды.
«Бұл мәселені әрине Айман Мұсақожаева екеуміз ғана талқыладық. Дегенмен, «Шабыт» фестивалінде скрипка аталымында бойынша жеңген жастар Мәскеуде концерт қойса, олар үшін тамаша мүмкіндік болар еді. Бүгін Мұсақожаева ханым екеуміз міндетті түрде осы мәселені пысықтай түсеміз», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Астанада «Шабыт» XVIIІ Халықаралық шығармашылық жастар фестивалі басталды. Фестивальге барлығы 388 үміткер қатысамыз деп өтініш берген. Конкурсанттардың талантын атақты әртістер, профессорлар, Қытай, Германия, Израиль, Италия, Беларусь, Ресей және Қазақстаннан шыққан әлемге танымал өнер майталмандары бағалайды.