А/Н1N1 тұмауы ауруының зертханалық расталған екі жағдайы тіркелді
АСТАНА. Тамыздың 5-і. ҚазАқпарат. Бүгін, тамыздың 5-де А/Н1N1 тұмауы ауруының зертханалық расталған екі жағдайы тіркелді,
деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Бірінші жағдай: жасөспірім Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласына 2009 жылғы 3 тамызда Ұлыбританиядан оралған. Бұл елде бала 2009 жылғы шілденің 5-нен тамыздың 2-не дейін болған.
Тамыздың 3-де жасөспірімде респираторлы жұқпа белгілері, 37,40С температураға дейін дене қызуы, тамағы жыбырлау, аздаған жөтел болғаны анықталды. Ол дәрігерлердің қарауымен амбулаторлық ем қабылдауда. Жасөспіріммен үйде қарым-қатынаста болғандар саны -4 адам, олардың 2-ересек, 2- бала.
Екінші жағдай Алматы қаласында тіркелді. Тамыздың 5-дегі тексеру оң нәтиже берді. Ол стационар жағдайында ем қабылдауда.
Осылайша, Қазақстанда 2009 жылғы тамыздың 5-де А/Н1N1 тұмауымен сырқаттанудың 17 жағдайы тіркелген. Бұған дейін хабарланғандай, оның 15-і карантиннен алынды.
Қазіргі уақытта қарым-қатынаста болған адамдардың одан әрі мониторингін жүргізу және ошақта індетке қарсы кешенді іс-шаралар жүргізілуде.