А/Н1N1 тұмауымен ауырған алматылықтың жағдайы қанағаттанарлық

АЛМАТЫ. Тамыздың 6-сы.  ҚазАқпарат /Айгүл Тұрысбекова/ -     Алматыда      А/Н1N1 тұмауының  үшінші оқиғасы  тіркелді.   Вирусты АҚШ-тан   қызмет іссапарынан   оралған   қазақстандық  әскери қызметкер жұқтырып алған.

А/Н1N1 тұмауымен  ауырған  алматылықтың  жағдайы   қанағаттанарлық

Мемлекеттік  санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау   комитетінің   Алматы  облысы  бойынша департаменті  директорының   орынбасары    Айзат    Молдағасымованың   айтуынша,   қазақстандық  азамат  АҚШ-тан   тамыздың 3-інде Алматы   әуежайына  ұшып  келген.     Сол рейстің барлық   жолаушылары  сияқты ол да   тепловизордан  өткен.     Бірақ аурудың ешқандай белгісі  тіркелмеген.    Тамыздың 4-і күні  өзін жайсыз  сезінген ол,   әскери госпитальге  түскен.   Науқастың   жағдайы  орташа ауыр деп бағаланған.  Тамыздың 5-і күні   республикалық  СЭС   референс-зертханасында  А/H1N1  тұмау вирусының  штаммы   оң  нәтиже  берді. 

«Жүргізілген ем-домнан кейін  қазір     науқастың  жағдайы қанағаттанарлық.     Онымен  қарым-қатынаста болған   бес адам анықталып,    бақылауға  алынды.   Олардың    жағдайлары  ешқандай алаңдаушылық туғызып    отырған жоқ»,  - деп  атап көрсетті Ә.Молдағасымова.