А.Окаұлы бастаған альпинистер Моңғол Алтайының асқар биігі Цамбғарыптың басына Қазақ елінің көк байрағын тікті

Байрақты бәйгенің қарсаңында Арман Окаұлы бастаған «Қазмұнайгаз» БӨ» АҚ-ның мұнайшылар командасы моңғолиялық қандастарымызбен бірлесе отырып, Алтай тауларының ең биік шыңдарының бірі, Моңғол Алтайының асқар биігі Цамбғарыптың басына көтеріліп, Қазақ елінің көк байрағын тікті.
Команда құрамында Ләйлә Қыдырпатша, Жанарбек Ақыбиұлы және Оспан Мәдиұлы секілді қандастарымыз бар. Алып мұздықтарымен, қатаң ауа райымен ерекшеленетін шыңның басына шыққан бауырларымыз бұл жетістіктерін Лондон олимпиадасында қазақтың намысын қорғайтын өрендерімізге арнайтынын мәлімдеді. Альпинистер қазақтың көк байрағы Лондон төрінде де Цамбғарып шыңындағыдай биіктен желбіреп, спортшы өрендеріміз жеңіс тұғырынан көрінуін тілейтінін айтады.
Моңғол Алтайының ең биік шыңдарының бірі - Цамбғарып теңіз деңгейінен 4204 метр биіктікте орналасқан. Бұрын-соңды оның басына Қазақстандық альпинистер шықпаған. Яғни шың басына қазақтың туы бірінші рет тігіліп отыр.