А. Перуашев: Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын лайықты атап өту жөнінде мемлекеттік комиссия құру қажет

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын лайықты атап өту жөнінде мемлекеттік комиссия құру қажет. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Азат Перуашев осы мәселені көтерді.
None
None

Сөз арасында депутат Азат Перуашев 2016 жылы «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаушы, Алашорда Үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы, ал 2017 жылы «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының 100 жылдығы екенін еске салды.

«Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының қызметі, жалпы Алаш идеясы қазақ қоғамын Еуропа жолымен жаңғыртуды басты бағыттарының бірі ретінде ұстанған, сол заманның нақты жағдайларына бейімдеп, ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыруға ұмтылғанын жұртшылық байыптап келеді. Париждегі ЮНЕСКО Атқарушы кеңесінің қараша айына белгіленген Ұйымның Бас конференциясында қабылдау үшін жолданған ұсыныстардың ішінде 2016 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өту жайының қарастырылуы да осының айғағы. Бұл Алаш мұрасын әлемдік деңгейге шығарып, насихаттаудың таптырмайтын мүмкіндігі туып тұр деген сөз», - деді А. Перуашев.

Бұл ретте депутат Елбасы Н. Назарбаев жариялаған Мәңгілік Ел идеясы аясында Алаш жолын елімізде де, халықаралық деңгейде де зерделей түсу керектігін алға тартады.

«Президент Н. Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында: «ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамындағы зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы секілді сипаты болғанын атап айтқан абзал», - деп көрсеткен болатын. Сондықтан да, Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын лайықты атап өткізу жөнінде мемлекеттік комиссия құру қажет деп санаймыз. Оның негізгі мақсаты жай ғана той тойлау емес, ой ойлаумен, артынан із қалатын танымдық-тағылымдық тұрғыдан ұлтымыздың, мемлекетіміздің рухын көтеретін, қоғамдық санаға сілкініс тудыратын мазмұнды шараларды іске асыруды қамтамасыз ету болуы тиіс», - деді Азат Перуашев.

Соңғы жаңалықтар