А.Сағитов Қытаймен бірлескен білім беру бөлімшелерін ашуды ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстанның агротехникалық университеттерінің жетекшілері мен ауыл шаруашылығы мамандарының Қытай Халық техника университетінде өткен уәкілдер үйірмесімен кеңесте Қазақстан мен Қытай елдерінің ғылыми-техникалық ынтымақтастығының басты бағыттары атап өтілді.

А.Сағитов Қытаймен бірлескен білім беру бөлімшелерін ашуды ұсынды

ҚР АШМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан тарапынан сөз алған «Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас директоры А.Сағитов өз баяндамасында ең алдымен, бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу бөлімшелерін ашу керектігін айтты.

«Ғылыми-білім беру кешендерін, ғылыми орталықтар мен кафедра филиалдар желісін дамыту керек. Осының аясында ғылыми-өндірістік, инновациялық құрылымдарды, яғни, технопарктер, инновациялық-технологиялық орталықтар ашылуға тиіс», - деді ол.

Ғалымның айтуынша, бірлескен ғылыми-техникалық жұмыстарға жауапкершілігі жоғары әрі тәжірибелі мамандарды тарта отырып, ғалымдардың өндірістік-баулу тағылымдамалардан өтуін жолға қойған жөн.

Сондай-ақ, А.Сағитов тәжірибелік-эксперименттік және лабораториялық зерттеу кешендерін кең ауқымда қолдану үшін күш біріктіруді ұсынды.
«Ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарларды бірлесіп ұйымдастыруға шақырамын. Баспа қызметінде де ғылыми әдебиеттерді бірлесе әзірлеп, жарияласақ нұр үстіне нұр», - деп түйіндеді ғалым.