А.Самақова Ауған соғысы ардагерлері қозғалысының басшыларымен кездесіп, түйткілді мәселелерімен танысты
МАТЫ. 26 тамыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматыдағы «Нұр Отан» ХДП-ның кеңсесінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айткүл Самақова Ауған соғысы ардагерлері қозғалысының басшыларын қабылдап, олардың көкейінде жүрген мәселелерін тыңдады.
Қазіргі таңда ауған соғысы ардагерлерімен басқа да соғысқа қатысушылардың шешілмей келе жатқан мәселелері бар. Мәселен, ардагер мәртебесінің сақталмауы, тұрғын-үймен қамтамасыз етілмеуі, әлеуметтік жәрдемақы және тағы басқа шешуін таппай келе жатқан түйткілді мәселелер.
Осыған орай өзінің кезекті демалысында жүрген Мәжіліс депутаты олармен кездесіп, мәселенің қайдан туындап отырғандығын анықтауға тырысты. Нәтижесінде «Соғысқа қатысушылар» жөніндегі заңның қабылдануы, «Тұрғын-үймен қамтамасыз ету» заңына қайта өзгерістер енгізу және ауған соғысы мен басқа да соғысқа қатысқандардың әлеуметтік жағдайы көтерілді.
Ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы Мұрат Абдушукуров ауған соғысының ардагерлері Отан алдындағы борыштарын Ауғанстанда атқарып, қазіргі күні жастарды патриоттыққа тәрбиелеу жұмыстарымен айналысып жатқандығын айта келе, қазір олардың тұрғын-үй мәселесімен бастары қатып отырғандығын жеткізді. «Қазақстан үкіметі ауған соғысына қатысушыларға пәтер берген болатын, алайда оны ардагерлер өз атына шығара алмай отыр. Өйткені соңғы қабылданған заңның тармақтарында «ауған соғысының ардагерлеріне» деген сөз енбей қалған», -дейді ол.
А.Самақова заң қабылдамас бұрын оны алдымен жұмыс барысында тексеріп, халық танысу үшін сайтқа ілетіндіктерін айтып өтті. «Халық онымен танысып, қосымша түзетулер мен өзгертулер қосқаны біз үшін маңызды. Бүгінгі көтерілген мәселелерді алдымен депутаттар арасында қарап, кейін ауған соғысы ардагерлерінің қатысуымен жан-жақты талқылайтын боламыз», -деді Мәжіліс депутаты.