А.Сәрсенбайұлының өліміне қатысты тергеуге АҚШ-тың Федералдық Тергеу Бюросы атсалысады
АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты тергеуге АҚШ-тың Федералдық Тергеу Бюросы тартылатын болады.
Бұл туралы бүгін ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко мәлім етті.
Оның айтуынша, 19 желтоқсанда Жоғарғы Сот қылмыстық істі Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына қайта қарауға жіберді.
«Тиісті сот шешімі қабылданған жағдайда Рахат Әлиевке және Әлнұр Мұсаевқа қатысты тікелей қылмыстық іс қозғалып, АҚШ-тың Федералдық Тергеу Бюросы қызметкерлерінің қатысуымен олардың Алтынбек Сәрсенбайұлының, Василий Журавлевтің және Бауыржан Байбосынның өлтірілуіне қатыстылығы мәніне алдын ала тергеу жүргізілетін болады», - деді ол.
Бүгін хабарланғанындай, Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берген Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев екендіктері анықталды. Қазіргі уақытта бірлескен тергеу жүріп жатыр.