Ә.Шаяхметова сияқты әуе апатынан аман қалған адамдар әлемде өте сирек - Ерсін Жүнісов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұшақ апатынан аман қалған Әсем Шаяхметованың мүгедек болмауы үшін дәрігерлер қолдан келгенін жасап жатыр. Науқастың мүмкіндігі де зор. Бұл туралы бүгін Астанадағы нөмірі 1-ші қалалық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Ерсiн Жүнісов мәлім етті.

Ә.Шаяхметова сияқты әуе апатынан аман қалған адамдар әлемде өте сирек - Ерсін Жүнісов

«Қазір жаңа технологияларды қолдану арқылы ұшақ апатынан аман қалған Әсем Шаяхметованың мүгедек болып қалу қауіпі өте төмен. Ол есін анық біледі, сөйлей алады. Травмотологияда жарақаттарды 2-ге бөледі: өте жоғары энергетикалық жарақаттар және төменгі энергетикалық жарақаттар. Мысалы, көшеде келе жатып, құлаған адамның жарақатын төменгі энергетикалық жарақат дейді. Ал, Әсемнің жарақаты жоғары энергетикалық жарақатқа жатады. Бұндай әуе апаттарынан аман қалған адамдар әлемде өте сирек», - дедi дәрiгер.

Айта кетейiк, бүгiн таңертең Әсем Астанаға жеткiзiлген болатын. 20 қаңтарда Жамбыл облысы Шу ауданында Балқаш-Шатыркөл бағытына бет алған «Олимп-Эйр» компаниясының АН-2 ұшағы апатқа ұшыраған. Соның iшiнде «Қазақмыс» корпорациясының «Балқаштүсті металл» геологы Әсем Шаяхметова да болған. Апаттан кейін ол дереу «112» телефоны бойынша құтқару қызметіне хабарласып үлгерген. Оқиға орнына келген Жамбыл облысы ТЖД жедел ден қою бригадасы әуе апатынан жалғыз аман қалған жолаушыны Шу қаласындағы Орталық аудандық ауруханаға жеткізген.