Ә.Шаяхметованың жағдайы орташа дәрежеде ауыр - Ерсін Жүнісов (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жамбыл облысындағы ұшақ апатынан аман қалған Әсем Шаяхметованың жағдайы орташа дәрежеде ауыр деп бағаланып отыр. Бұл туралы бүгін журналистерге арналған баспасөз мәслихатында Астанадағы №1 қалалық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Ерсін Жүнісов мәлім етті.

Ә.Шаяхметованың жағдайы орташа дәрежеде ауыр - Ерсін Жүнісов (ФОТО)

«Науқас жансақтау бөлімінен политравма бөліміне, яғни кәдімгі палатаға ауыстырылды. Жағдайы орташа дәрежедегі ауыр деуге болады. Қосымша зерттеулер жүргізілуде. Алдағы екі-үш күн ішінде Әсемді ақырындап төсектен тұрғыза бастаймыз. Арнайы аппараттардың көмегімен қалпына келтіру шараларын жасаймыз. Алдағы екі аптада Әсемді аяғынан тік тұрғызып, ешкімнің көмегінсіз жүре алатындай болғызуымыз керек», - деді Е. Жүнісов.

Оның айтуынша, науқас Астанаға дер кезінде жеткізілген. Осында оған бірқатар ауыр емдеу шаралары жүргізіліп, жамбас сүйектері мен омыртқаларына оталар жасалған.

"Науқастың көңіл-күйі жақсы, біздің емдеуімізге еш қарсы емес, керісінше бізге толықтай сенеді. Жазылып шыққан соң бұрынғы қызметіне, отбасына, туыстарына оралуға асығуда", - дейді дәрігер.

Естеріңізге сала кетейік, Әсем Шаяхметова Жамбыл облысында апатқа ұшыраған «Ан-2» ұшағынан аман қалған жалғыз адам.

Ұшақ 20 қаңтар күні Шатыркөл кен орнынан 25 шақырым жерде құлаған болатын. Ұшақ бортында 7 адам болған, олардың төртеуі «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС қызметкері және үшеуі экипаж мүшелері.