А.Шораев: Биыл жыл соңына дейін қазақ күресінің ережелеріне өзгерістер енгізілмек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы жылдың соңына дейін қазақ күресінің ережелеріне өзгерістер енгізіледі. Бүгін Астанада Ұлт көшбасшысы - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін өтіп жатқан қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» V республикалық турнирі барысында сұхбат берген Қазақ күресі федерациясының президенті, идея авторы Арман Шораев осылай мәлім етті.

А.Шораев: Биыл жыл соңына дейін қазақ күресінің ережелеріне өзгерістер енгізілмек

«Шындығында, кез келген мәселені жетілдіріп отыру керек. Біз жыл соңына дейін қазақ күресінің ережесіне, оның әдістеріне, сонымен қатар төрешілердің баға беруіне біршама өзгерістер енгізуді жоспарлап отырмыз. Өйткені, кейде осы әдемі саналатын қазақша күрестің барысында палуандар үшін боз кілемде қиындау жағдайлар болып кетіп жатыр. Ұпай беру әдістерін өзгертіп, күресті белсендіру мақсатында түзету жасайтын боламыз. Бұл біздің күрестің әдемілігін де, жұртшылық үшін тартымдылығын да арттыра түседі», - деді Арман Шораев.

Оның айтуынша, қазіргі күні осы қазақша күрестің басы-қасында жүргендер, оны зерттеп жүрген ғалымдар, тәжірибелі жаттықтырушылар бәрі осыған жұмылып жатыр.

Бұдан бөлек, алдағы уақытта «Әлем барысы» турнирін жыл сайын емес, екі жылда бір рет өткізу де жоспарланады. Айта кетерлігі, қазақ күресіне соңғы уақытта әлемдік спортсүйер қауым қызығушылық танытып жатыр екен. Мәселен, «Әлем барысын» өткізу туралы ұсыныстар Түркия, Ресей, Моңғолия тарапынан түскен.