А.Шварценеггер Калифорнияда төтенше жағдай режимін енгізді

АСТАНА. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Калифорния штатының губернаторы Арнольд Шварценеггер өңірде төтенше жағдай режимін енгізді.

А.Шварценеггер   Калифорнияда  төтенше жағдай  режимін  енгізді

CNN телекомпаниясының хабарлауынша, бұл шара штаттың оңтүстігіндегі бірнеше округке қатысты. Кеше Калифорнияда қалың қар мен нөсер жаңбыр жауып, бірқатар аудандарда су тасқыны мен лай көшкіні орын алды, деп хабарлайды РБК агенттігі.

Лос-Анжелес өкіметі қаланың екі ауданындағы 230-ден астам үйдің тұрғындарын жедел көшіріп жатыр. Қазір онда лай көшу қаупі сақталуда. Нөсер жауын көлік проблемаларын да туғызып отыр: Оңтүстік Калифорнияда 25 мыңдай көлік жүргізушілері көмек сұрап, арнайы қызметтерге хабарласқан.

Гавай маңында түзілген теңіз дауылдары Солтүстік Американың батысына қалың қар әкеліп отыр. Ал өңірдің жазықтарында нөсер жауын болып, қатты жел тұрған. Батыстағы штаттарда су тасқыны мен лай көшкіндерінің салдарынан біраз жолдар жабылды. Кейбір аудандарда желдің екпіні 240 шақырым/сағатқа жетіп отыр. Метеорологтардың айтуынша, Калифорнияда жақын арада ауа райы жақсара қоймайды. Табиғат апатынан Юта штатының да қатты зардап шегіп отырғаны айтылуда.