А. Смайыл: Қымыздың отаны - Қазақстанда ұлттық тағам құнтталмай отыр

АСТАНА. 9 қазан. ҚазАқпарат - Ұлттық тағам ұлттық құндылық болумен бірге, ауылды көркейтудің орасан зор мүмкіндігі.
None
None

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Алдан Смайыл осы мәселені көтерді.

Сауалда депутат қымыздың осы күні Ресей мен Қытайдың, Араб Әмірліктері мен Еуропаның асына айналғанын, бабаларымыз сапырған сары қымыз Франция, Германия, Белгия елдерінде дастархан сәні болғанын айтты. Бұлардың қатарына соңғы жылдары Австрия мен Италия қосылыпты, неміс елінде қымыз өндірушілердің көбеюіне байланысты арнайы одақ құрылған. Мамандандырылған 50 ферма қымызды дәрілік таблетка, косметикалық бұйымдар, балалар тағамы және балмұздақ түрінде Еуроодақ нарығына шығарып келеді екен. Ресейде 80 қымыз шаруашылығы бар болса, олардың өнімі ірі қалалардағы ең өтімді тағамның біріне айналып отыр.

«Қымыздың отаны - Қазақстанда осы мәселенің көбі жоқ. Қымыз өндіруге бөлінген азын-аулақ субсидия жылқышыға 35 бие ұстап, оның 20-сын сауып отырса, қымыз ашытатын цехы болса, ол цех ветеринарлық талаптарға сай болса ғана беріледі. Таразда өткен ғылыми-практикалық семинар-кеңеске қатысқан ғалымдар мен кәсіпкерлер қымыз өндірісін дамытуға кедергі болып отырған мәселелерді талқылай келіп, Үкіметке өз ұсыныстарымен шыққан болатын. Атап айтқанда, Салық кодексінде қымыз, сондай-ақ ұлттық тағамдар өндірумен айналысатын шағын және орта бизнес нысандарына арнаулы салық жеңілдігі қарастырылуы керек. Бұдан бөлек, қымыз және ұлттық тағамдарды өндіру туралы заң жобасы әзірленуі қажет. Бұдан бөлек, сауылатын биені бағып-күтуге бөлінетін субсидия көлемі сүтті ірі-қараға бөлінетін қаржы деңгейіне жеткізілсе игі. Тараз мемлекеттік университетінде Қазақтың ұлттық тағамдары ғылыми орталығы ашылып, қымыз өндірушілердің республикалық және аймақтық палаталары құрылса жарар еді», - дейді депутат Алдан Смайыл.

Бұл ретте депутат келтірілген ұсыныстардың барлығы орынды екенін, ұлттық тағам ұлттық құндылық болумен бірге, ауылды көркейтудің орасан зор мүмкінідігі екенін алға тартады. А. Смайылдың айтуынша, ұлт денсаулығының кепіліне, дәстүрлі мақтанышына айналған тағамдар өндірісін, ауылды дамыту арқылы мыңдаған жұмыс орнын ашуға әбден болады.

«Жылқы санын 5 млн басқа жеткізген АҚШ, 12 млн-нан асырып отырған Қытай мен Ресей осы түлік арқылы ел әлеуметінің мәселелерін шешуде. Ал 120 млн гектар жайылымы бар Қазақстандағы жылқының саны 1 млн 400 мың ғана. Жылқы өсірген елдің осы орынды ұсыныстарын қабыл алуды өтінеміз. Тарихи құндылықтарды құрметтеу арқылы ұлтты қастерлейік», - деді А. Смайыл.

Соңғы жаңалықтар