А. Смайыл: Зиянды ақпараттан балаларды заңмен қорғау - ұлттық парыз
АСТАНА. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат - Еркіндік атты құндылықты түрліше түсінген, оны қоғам мен халықтың игілігі тұрғысынан емес, өзінің қылмысқа парапар қарекеттері үшін пайдаланушылар ақпарат әлемін тори бастағаны рас десек, зиянды ақпараттан балаларды заңмен қорғау - ұлттық және мемлекеттік парыз.
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған депутат Алдан Смайыл осылай мәлім етті.
Депутаттың айтуынша, дәл осы мәселеге Әзірбайжан, Беларусь, Украина, Латвия мен Эстония, ТМД Парламенттік Ассамблеясы айрықша мән беріп отыр. Ресей арнайы заң қабылдаумен бірге, Президент жанынан балалардың құқы жөніндегі өкілетті кеңес құрды. Оның негізгі мақсаты балаларды рухани аздыратын ақпараттан қорғау.
«Ал әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мұндай заң алғаш рет әлем бойынша Англияда, сосын АҚШ-та қабылданған болатын. Айталық, Англия 1984 жылы бейнежазу туралы арнайы заң қабылдады. Онда эротикалық, порнографиялық және т.б. кері сипаттарға, балаларды аздыратын ақпараттарға тосқауыл қойылды. 1998 жылы АҚШ кәмелетке толмағандардың жеке өмірін қорғау туралы заң күші бар акті қабылдады. Міне, осы актіде алғаш рет балаларға арналған веб сайттарды жіктеу нормасы енді. Бұдан бөлек, әрбір баланың интернет ресурсы мен шектеуі болады. Сол ресурсы бар балаларға ақпараттар іріктеліп, оларға керек еместері берілмейді. Біз де осыны қарастырып, техникалық мүмкіндік болса сондай жағдайға көшкеніміз дұрыс болатын еді», дейді депутат.
Оның айтуынша, Жапония да дәл осындай заң қабылдап, онда жас санаттарына қатысты таңбалау туралы норма енгізілген. «Сонымен бірге, ол елде «контентфильтр» ұғымы енгізілді. Бұл әрбір компьютерге қосылады және әрбір ата анаға осыны орнату міндеттеледі. Осы тетік арқылы бүкіл ақпарат балалар үшін сүзгіден өтіп отырады», деді А. Смайыл.