Ә. Смайылов Статистика агенттігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері сәйкес келмейтінін мойындады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Статистика агенттігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректерінде алшақтық бар. Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында депутаттар сауалына жауап берген ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов осылай мәлім етті.

Ә. Смайылов Статистика агенттігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері сәйкес келмейтінін мойындады

Жиын барысында депутат Төлеген Ибраев, ауыл шаруашылығы саласындағы статистиканы жетілдіру мәселесін көтерген еді. «Біздің елімізде мал басының нақты саны әлі күнге дейін сенімсіздік тудырып келе жатыр. Кейбір кезде Статистика агенттігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы мәліметтерде айырмашылық байқалмай тұрмайды», - дейді Т. Ибраев. Өз кезегінде, агенттік басшысы Әлихан Смайылов мал шаруашылығы статистикасы аса маңызды сала екені, сондықтан да агенттiктiң жанынан арнайы ведомствоаралық жұмыс тобы құрылғанын жеткізді. Сонымен қатар, агенттік басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігінің сәйкестендіру базасына да тоқталып, министрлік пен агенттік мәліметтерінде сәйкессіздік бар екенін де мойындады. «Өйткені, ауыл шаруашылығы министрлігінің сәйкестендiру қорында жыл бойы орын алатын малдың қозғалысы толығымен есепке алынбайды. Мысалы, сол сәйкестендiру дерекқорында былтыр елімізде туған 2,3 млн бұзаудың тек 24 мыңы ғана енiп отыр. Бұл проблеманы министрліктегілер бiледi. Қазiргi күні жергiлiктi атқарушы органдармен сол сәйкестендiру дерекқорының сапасын жетiлдiруге қажеттi шараларды қолға алдық», - деді агенттік басшысы.