А. Тәжаяқов пен Д. Қадырбаевқа сот үкімін шығару кейінге қалдырылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2013 жылы сәуір айында Бостонда орын алған террорлық актіні тергеуге кедергі келтіруге қатысты айыпты деп танылған қазақстандықтар Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаевтың сот үкімін шығару кейінге қалдырылды, деп хабарлайды РИА Новости.
Тәжаяқовтың қорғаушысы Аркадий Бухтың айтуынша, сот үкімі жарияланатын күні әлі белгіленбеді. Сондай-ақ адвокат АҚШ-тың Жоғарғы соты қазірде басқа іс бойынша - Флориданың балықшысы Джон Ейтстің ісі бойынша үкім шығарып жатқанын айтты. Ал ол іс бірнеше айға созылуы мүмкін. Осыдан кейін ғана барып Қадырбаев пен Тәжаяқовтың үкімі шығарылады.
Айта кетейік, 2007 жылы Ейтсті Мексика шығанағында жағалаудағы күзет ұстаған болатын. Оның кемесінен көп балықтар, оның ішінде аулауға тыйым салынған балықтар табылған. Ейтске портқа барып балықтарды есептеу керектігін айтқан, алайда ол жолда тыйым салынған балықтардың барлығын теңізге тастап жібереді. Осыдан кейін балықшының үстінен айғақты жойды деген айып тағылып, сот оны 30 күн абақтыға қамау және 50 мың доллар айыппұл төлеу шешімін шығарған. Алайда кейін АҚШ Жоғарғы сотында бұл іс бойынша дау туған. АҚШ-тың сауда палатасы заңнамадағы айғақты жою бойынша бап құжаттарды, қандай да бір ақпараттарды жоюды көздейтінін, ал балықты жою бұл бап бойынша қарастырылмайтынын айтқан. Сондықтан да Жоғарғы сот заңнамадағы бапты қалай түсіндіру керектігін шешу керек. Айта кетейік, Тәжаяқов пен Қадырбаев та дәл осы бап бойынша айыпталып отыр.
«Меніңше, Тәжаяқов пен Ейтс оқиғасы бір бап бойынша қаралуы тиіс. Себебі Царнаевтың сөмкесінде ешқандай да құжаттар болған жоқ. Сондықтан да сөмкені лақтырып тастау айғақты жою болып есептелмейді», - деді қорғаушы Бух.
Федералды тергеу бюросының мәліметтері бойынша, Тәжаяқов пен Қадырбаев досы Джохар Царнаевтың бөлмесінен айғақтарды жоймақ болған. Олар лақтырып тастаған сөмкені кейін АҚШ-тың арнайы қызметі табады. Қазақстанның екі азаматы да Царневпен Массачусетс университетінен таныс. Кейін ФТБ сөмкенің ішінде ноутбук пен жарылғыш заттар болғанын айтқан. Ал олар өздеріне тағылған айыпты мойындамады.