А. Тәжаяқов пен Д.Қадырбаевты Қазақстанға экстрадициялау үшін Американың келісімі керек - И.Меркель

Бұл туралы «Қазақстан Республикасы - Еуропалық Одақ» тақырыбындағы әділ сот пен құқықтық тәртіп жөніндегі кіші комитеттің 13-ші отырысы аясында журналистердің сұрағына жауап бере отырып, ҚР Бас прокурорының орынбасары Йоган Меркель мәлім етті.
Оның айтуынша, АҚШ пен Қазақстан арасындағы сотталған адамдарды беру туралы Конвенция бұл азаматтардың жазасын ҚР аумағында өтуіне негіз бола алады.
«Иә, Конвенция күшіне енеді, құжат күшіне енген сәтте біз біреуінің туыстары жасаған өтінішті беруге дайын едік, бірақ, екінші азаматтың туыстары осындай өтініш жазса, екеуін елге қайтару үшін тиісті шаралардың бәрін қолдануға дайынбыз»,-деді И.Меркель.
Бас прокурордың орынбасары атап өткендей, бұл мәселедегі міндетті шарт - сотталған адамдардың өзі өтініш жазу керек.
«Егер сотталған азаматтардан арыз түспесе, біз мүлде әрекет қолдана алмаймыз. Міндетті түрде олардың арыздары керек. Егер сотталушының мүмкіндігі шектеулі болса немесе ақыл-есінде кемістік болса, онда заңды өкілі осындай өтініш жасау керек», - дейді ол.
Ал, жалпы, Тәжаяқов пен Қадырбаевты экстрадициялау қаншалықты мүмкін деген сұраққа И.Меркель: «Бұл іс өте күрделі екенін білесіздер ғой. Біріншіден, олар өтініш жазуы керек, екіншіден, ең басты мәселе - Америка тарапының келісімі керек. Егер қандай да бір сотталушыны беру АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне зиян келтіреді деп тапса, олар сотталушыны бермейді. Біздің ел де осы қағиданы ұстанады», - деп түсіндірді ол.
Естеріңізге сала кетейік, АҚШ-тың Федералдық сот алқасы Қазақстан азаматтары Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқовты АҚШ-та болған терорлық әрекетті тергеуге кедергі келтіру мақсатымен алдын ала келісім, екіншісі - тергеуге кедергі жасау, қылмыскерге көмек көрсету және араңдатушылық баптары бойынша соттаған болатын.