А.Тұрлыбайды елге экстрадициялау үшін белгілі бір уақыт қажет - Қытайдағы ҚР Елшісі

«Ақжарқынға қатысты айтар болсақ, біз, Елшілік бұл іске тұрақты жәрдем көрсетудеміз. Осы жұмысты жалғастыра береміз. Бірден алып кету мүмкіндігі болмайды. Сот үкімі шықты. Біздің тарап, Ақжарқынның адвокаты шешімге қарсы шағымданды, оны қайтадан қарауы тиіс. Содан кейін Қытай Бас прокуратурасы және Әділет министрлігімен жұмыс жасап, оны Қазақстанға қайтаруға күш саламыз» - деді ол.
Еске салсақ, 20 жастағы қазақстандық студент Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылғы наурызда Гуанчжоу әуежайында есірткі затының контрабандасы бойынша ұсталған. Ол Қытайға брендтік киімдер сатып алу үшін барған. А. Тұрлыбайдың айтуынша, оның сөмкесіне есірткіні клубта кездейсоқ танысқандар салып жіберген. Қазақстандық қыз өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
2015 жылғы 31 тамыз бен 3 қыркүйек аралығында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға мемлекеттік сапары барысында тараптар 2011 жылғы 22 ақпандағы ҚР мен ҚХР арасындағы сотталған тұлғаларды қайтару туралы шарттың күшіне енуі туралы ратификациялық грамоталармен алмасты.
2015 жылғы 28 тамызда ҚХР ШҰАӨ Үрімжі қаласында қытай тарапы «ізгі ниет ишараты» түрінде ҚР-ға Қытайда түрлі жаза (оның ішінде өлім жазасы, өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы бар) бойынша сотталған бес қазақстандықты қайтарған.
Қазақстандық сотталушыларды кері қайтару ҚР Сыртқы істер министрлігі, ҚР Бас прокуратурасы, ҚХР-дағы ҚР Елшілігінің қытайлық әріптестермен ұзақ уақыт тыңғылықты бірлескен жұмысының арқасында мүмкін болды.