А.Винокуров «Астананы» өз қолына алатындығын мәлімдеді

АСТАНА. 1 қыркүйек. ҚазАқпарат - Украинада өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанның велошабандозы, Лондон Олимпиадасының чемпионы Александр Винокуров «Астана» командасын өзі басқаратындығын мәлімдеді.

А.Винокуров «Астананы» өз қолына алатындығын мәлімдеді

«Укринформ» ақпараттық агенттігі хабарлағандай, болашақ қызметі туралы журналистердің сауалына жауап берген А.Винокуров: «Алдағы уақытта жоспарым былай болып тұр. Қазіргі кезде Қазақстанның велоспорт федерациясымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. «Астана» командасын мен басқаратын сияқтымын. Команданың велошабандозы қызметінен менеджер лауазымына ауысатын боламын. Болашақ чемпиондарды тәрбиелейміз. Қазақстанға барғаннан кейін қыркүйектің басында Президенттің өзі мені ресми түрде таныстыруы тиіс», - деді. Олимпиада чемпионы атап көрсеткендей, бүгінде «Астана» үшін биік мақсат-міндеттер қойылып отыр. Осы орайда ол келесі жылы команданың Джиро веложарысында жеңіске жетуі тиіс екендігін ерекше атап өтті. 

Айта кетейік, қазіргі кезде «Астана» командасының менеджері қызметін Джузеппе Мартинелли атқарады.