А.Волков: ЕҚЫҰ бір аймағындағы тұрақсыз ахуал Еуроатлантикалық және Еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздікке әсер етеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 4-5 желтоқсан күндері Швейцарияның Базель қаласында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ОБСЕ) қатысушы мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің 21-ші Кеңесі өтті. Оған ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алексей Волков бастаған қазақстандық делегация қатысты, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінен.
Швейцария Конфедерациясының Президенті Дидье Буркхальтер төрағалық еткен ауқымды халықаралық форум жұмысына ЕҚЫҰ-ға мүше 57 қатысушы мемлекет өкілдері мен Еуропа одағының Сыртқы істер және саяси қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы өкілі Федерика Могерини мен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джин Керри, Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, 11 серіктес мемлекет пен БҰҰ, ЕО, Еуропа Кеңесі, АӨСШК сынды ұйым өкілдері қатысты. Жиын Украинадағы дағдарысты жедел түрде реттеу және Еуропа қауіпсіздігін қамтамасыз ететін перспективалар мен маңызды сұрақтар тақырыбына арналды. Пленарлық мәжілісте баяндама жасаған Қазақстандық делегация басшысы А.Волков ЕҚЫҰ бір аймағындағы тұрақсыз ахуал Еуроатлантикалық және Еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздікке әсер етіп, 2010 жылы Астана Саммитінде қабылданған Қарардың сақталуына кері ықпал ететінін айтты.