Ә. Жақсыбеков: Астана бүкіл құрлықтың ең маңызды көлік хабына айналуы тиіс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков Мемлекет басшысының бес институционалдық реформасын орындау аясындағы «100 нақты қадам» жоспарының жүзеге асырылуын талқылау бойынша кезекті жиын өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен.
None
None

Әкімнің айтуынша, қойылған мақсаттарға жету үшін іс-шаралардың кешенді жоспарын әзірлеу қажет. - Біздің жұмысымыздың негізгі өзегі - Астананы Еуразияның мәдени, ғылыми және іскерлік орталығына айналдыру болып табылады, - деп атап өтті елорда әкімі. Нақты қадамдардың 70-ші пункті - Astana EXPO-2017 инфрақұрылымдары негізіне қарасты және арнаулы мәртебе берілетін Астана халықаралық қаржы орталығын (АІҒС) құру. Қаржы орталығының ерекше заңды мәртебесін Конституцияда бекіту көзделуде. Әкімнің пікірінше, орталық елорданың іскерлік әл-ауқатын одан әрі еселеп, болашақта әлемнің 20 алдыңғы қатарлы қаржы орталықтарының қатарына енеді. - Бізге барлық ықтимал жағдайларды, атап айтқанда: орталық жұмысының транспорттық жағдайға, баспана мен қонақ үйлер нарығына, еңбек нарығына, көші-қон және туристік ағымдарға әсерін ескеру қажет. Бұл мәселелердің көпжақтылығын ескере отырып, барлық орынбасарлар орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен бірігіп, осы ықтимал мәселелердің алдын алу бойынша жұмыстарды атқаруы керек, - деп тапсырды әкім. Орталықта қаржы қызметінің жаңа түрлерін дамыту көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде қаржылық құралдар аясын кеңейтеді. Қала басшысының айтуынша, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы коммуналдық жобаларды қаржыландырудың, Кәсіпкерлік басқармасы - шағын және орта бизнесті қолдау бойынша, «Астана - жаңа қала» АЭА - инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша жаңа мүмкіндіктерді қарастыруы қажет. - Еңбекақы төлеу принципіне өту аясында жергілікті атқару органдарының қызметін бағалаудағы негізгі критерилердің бірі - инвестиция тарту бойынша жұмыс болу керек. Сондықтан барлық басқармалар өз жобаларын жүзеге асыру үшін қаржылық құралдардың жан-жақты түрлерін қарастыруы керек, - деді әкім. Қала басшысы қаржы орталығының халықаралық көлік қатынасына қол жетімділігін де сөз етті. Осы мақсатта «100 нақты қадамның» 73-ші пунктіне сәйкес, алдыңғы қатарлы қаржы орталықтарымен байланыстыратын әуе қатынастарының тұрақты және қолайлы жүйесі құрылады. Бұл өз кезегінде ішкі және қалааралық көлік ағымдарымен тығыз байланыста болуы керек. - Елорда Азия мен Еуропаның арасын байланыстыратын барша құрлықтың ең маңызды көлік хабына айналуы керек, - деді әкім. - Бұл тұрғыда Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына, «Астана ЛРТ» ЖШС қаланың Кешенді көлік жүйесін қалыптастыруға жүйелі түрде кірісуге, халықаралық, ұлттық және қалаішілік қатынастырдың барлығын қарастыруды тапсырамын. Орталық инфрақұрылымының тағы бір маңызды бөлігі - сапалы ақпараттық-коммуникациялық жүйе. Алдағы уақытта орталық қатысушылары ғана емес, Астананың барлық тұрғындары да сапалы, жылдам және арзан байланыс түріне қол жеткізеді деп жоспарланған. Әкім орталыққа шетелдіктердің көп келетінін, бұл тұрғыда ағылшын тілін барлық жерде қолдану қажеттілігі туындайтынын да атап өтті. Ағылшын тілі қаржы орталығының аумағында ресми тіл болмақ. - Біз қазірдің өзінде ағылшын тілін оқыту және оны жастар арасында насихаттауда қонақүйлер, мейрамханалар және басқа да қызмет көрсету мекемелерінің қызметкерлеріне ағылшын тілін меңгеруге қолдау көрсету бойынша жұмыстарды қолға алуымыз қажет. Мемлекеттік және жеке ағылшын тілін үйрету курстарын ашу мәселесін қарастыру және тиісті кадрлық, материалдық-техникалық, әдістемелік базамен қамту керек, - деді қала басшысы. Елорда әкімі сондай-ақ туризм саласындағы жұмысты жаңғырту қажеттілігін атап өтті. Әкімнің пікірінше, Астана қаласына келушілер санын арттырудағы басты құрауыш мерекелік шаралар мен туризмнің дамуы болып табылады. Қорытындылай келе, әкім алға қойылған мақсаттардың маңыздылығын тағы бір рет атап өтті. Сонымен қатар жұмысқа ведомство көлемінде ғана қарамау керек екендігін ескертті. - Ауқымды мақсаттарды түйткілді мәселе ретінде емес, өзімізді көрсетудің мүмкіндігі, әл-ауқатымызды жүзеге асырудың амалы, Астананың дамуына сүбелі үлес қосу ретінде қарастыруымыз керек, - деді елорда басшысы.

Соңғы жаңалықтар