Ә.Жақсыбеков биылғы оқу жылын бiлiм беру жүйесiндегi инновациялық жаңару жылы деп атауды ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкiмi Әдiлбек Жақсыбеков қаладағы бiлiм беру ұйымдары бойынша биылғы оқу жылын «Бiлiм беру жүйесiндегi инновациялық жаңару» жылы деп атауды ұсынды.

Ә.Жақсыбеков биылғы оқу жылын бiлiм беру жүйесiндегi инновациялық жаңару жылы деп атауды ұсынды

Педагогтардың жыл сайынғы тамыз кеңесiне қатысқан қала әкiмi сол оқу жылының аясында ұстаздар қауымының озық технологияларды игеруiне көп көңiл бөлiнсе екен дейдi. «Келесi оқу жылын «Астана қаласының бiлiм беру жүйесiндегi инновациялық жаңару жылы» деп жариялауды ұсынамын. Бұл жыл аясында ұстаздарымызға озық технологиялардың тiлiн үйретiп, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды оқуға енгiзу арқылы бiлiм сапасын арттырған үздiк педагогтардың тәжiрибесiн тарату керек»,-дейдi қала әкiмi. Елорда басшысы атап өткендей, ұстаздардың тағы бiр мiндетi - баланың бойына Отансүйгiштiк сезiмiн сiңiру. «Әрбiр оқушымыз «Мен - Қазақстанның азаматымын!», «Мен - Астана қаласының тұрғынымын!» деген сөздi мақтанышпен айтуы керек»,-дедi Ә.Жақсыбеков.