Ә.Жақсыбеков: Елордада су тасқынының алдын алу ерекше назарда болуы керек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елорда әкімдігінде Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековтің төрағалығымен Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның отырысы өтті.
Басқосуда комиссияның 2014 жылғы жұмыс қорытындысы қаралып, ағымдағы жылы су тасқынына қарсы шаралардың негізгі жоспарын орындау мәселесі сөз болды. Кеңеске комиссия мүшелері, аудан әкімдері, әкімдіктің құрылымдық мекемелері, ведомстволары, ұйымдар мен кәсіпорындардың басшылары қатысты, деп хабарлайды Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметінен.
Кеңесте сөз алған әкім көктемгі мезгілде су басудың алдын алу қалалық қызметтер мен ведомство басшыларының ерекше назарында болу керектігін еске салды. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында комиссияның алдында тұрған негізі міндеттер - су тасқынының алдын алуға бағытталған шаралар кешенін үйлестіру және бақылау. Бұл ретте Төтенше жағдайлар департаментінде қалалық және аудандық комиссиялар бекітілген кестеге сәйкес қала аумағынан қардың шығарылуын, тиісті ведомстволардың төтенше жағдайлардың салдарын жою мәселесін, материалдық-техникалық құралдар қорын құруды бақылауға алды. Жиын барысында су тасқынына қарсы шаралар туралы аудан әкімдері сөз алды. Мәселен, бүгіннен бастап барлық аудандарда штабтар жұмысы басталып, тиісті шаралар кешенінің жоспары жасалды. 1-наурыздан бастап су тасқынының алдын алу комиссиясының диспетчерлік телефоны жұмыс істейді. Кеңеске қатысушылар «Қазгидромет» РМК-ның көктемгі су тасқынына байланысты метеорологиялық және гидрологиялық болжамдарын тыңдады. Кеңес қорытындысы бойынша қала басшысы су тасқынына қарсы шаралар жоспарын тиімді жүзеге асыруға қатысты тиісті ведомстволарға бірқатар тапсырмалар берді. Қала аудандарын су баспас үшін әкім тәулік бойына кезекшілік ұйымдастырып, сондай-ақ Төтенше жағдайлар департаментімен су басу қаупі жоғары аумақтардың ахуалды картасын әзірлеуді тапсырды. - Барлық деңгейдегі басшылар су тасқыны кезеңінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, зардабын азайту үшін барлық шаралар кешенін міндетті түрде жүзеге асыруы қажет, - деді әкім.