Ә.Жақсыбеков ІІД қызметкерлерінен жол жиегіне тоқтаған жүргізушілерге түсіністік танытуын сұрады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының әкімдігінде қала басшысы Әділбек Жақсыбековтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Кеңес барысында әкім қаладағы ағымдағы жағдай бойынша есепті тыңдап, бірқатар әлеуметтік мәселелерге тоқталды, деп жазады әкімдіктің ресми сайты.
Қала басшысы отырыс барысында автотұрақтар мәселесін де көтерді. Жақында жаңа «Жол қозғалысы туралы» ҚР Заңы қабылданған болатын. Оған сәйкес көлікті жол бойында қалдыруға тыйым салынған, тіпті бұл әрекет үшін 100 мың теңге айыппұл тағайындалған. Алайда қала басшысы бүгінде елордада автотұрақтар мен көлік қоятын арнаулы орындардың жетіспеушілігіне байланысты ІІД қызметкерлерінен осындай жағдайларды назарға алуды тапсырды.
Бұдан басқа, әкім Президенттің жаяу жүргіншілерге арналған жер асты және жер үсті өткелдерін салу жөніндегі тапсырмасын орындау қажеттігіне тоқталды. Бұл да жол қауіпсіздігіне, кептелістердің азаюына оң әсерін тигізбек.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха: «Тұрақтар тетігі реттелмейінше жүргізушілерге жол жиектеріне тоқтай беруге тыйым салынбайды», - деген болатын.