Ә.Жақсыбеков жеке және мемлекеттік балабақша төлемдерін теңестіруді ұсынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылдан бастап жаңа салынатын үйлерде шағын балабақшалар болуы тиіс. Бұл туралы бүгін Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ЭКСПО көрмесі мәселелеріне арналған кеңесте ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Астана жас қала. Орташа жас 35-тен аспайды. Сондықтан жас отбасылар үшін балабақшамен қамтамасыз ету проблема болып отыр. Сондықтан бұл мәселені айтып кеткендіктен тоқталмай-ақ қояйын. Барлық құрылысшыларға қажетті жерде балабақшалардың болуын міндеттеңіздер. Бұл балабақшаларды бөлек салудың қажеті жоқ. Бүгінгі күні жыл сайын 100 тұрғын үй салынғанымен небәрі 25 шағын орталық құрылыпты. Сонда қарастырылмаған да ғой», - деді Елбасы.
Осы ретте Мемлекет басшысына жауап берген елорданың құрылысына жауапты қызметкері салынып жатқан тұрғын үйде балабақша болуы тиіс деген нормативтің жоқтығын алға тартты.
«Ұсыныс енгізіңіздер. Кәрім Қажымханұлы (ҚР Премьер-Министрі) нормативті өзгертіңіздер. Сәйкесінше шешім қабылдайтын боламыз. Заңға өзгертулер енгізу қажет болса, енгіземіз. Осы жылы салынатын үйлерде ондай болуы керектігін бірден көрсету қажет», - деді Н.Назарбаев.
Осы ретте қала басшысы Әділбек Жақсыбеков мемлекеттік және жеке меншік балабақшаларда төлемді теңестіру қажеттігін айтты. «Өйткені, қазір мемлекеттікке (балабақшаға) төмен төлем жасалғандықтан адамдар жекеменшік балабақшаларға бармай, кезекке тұрады», - деді қала басшысы.
Өз кезегінде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев келесі жылдан бастап «Балапан» бағдарламасы бойынша жан басына қаржыландыру көлемі артатындығын айтты. «Сол кезде жекеменшік және мемлекеттік балабақшалар арасындағы төлем теңесетін болады», - деді министр.