А.Жантелеевтің ісіне қатысты шешім қабылдауда кімнің мүддесін қолдаған дұрыс деген таңдау болған жоқ - Бас прокуратура
АСТАНА. Желтоқсанның 10-ы.ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Айдын Жантелеевке қатысты қылмыстық істі Бас прокуратура оның әрекетінен қылмыс белгілерінің жоқтығына байланысты тоқтатты.
Мұндай шешім қабылдауға Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдерінің қаржы полициясы қызметкерін ұстау барысында заңды өрескел түрде бұзу әрекеттері негіз болды. Бұл жайлы журналистермен болған апталық брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері прокуратура қызметкерлерінің А.Жантелеевтің ісіне қатысты күмән тудырған негізгі себептердің бірі. «Күмәнді мәселелердің барлығы айыпталушының пайдасына шешілуі қажет. Бұл Конституция ұстанымы. Сондай-ақ А.Жантелеевті ұстау барысында Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері ешқандай негізсіз және заңнан тыс оның қолына қолына кісен салып, жоқ жерден пайда болған 4 куәгердің көзінше медициналық тексеруден өтуге мәжбүрлеген. Осы ретте айта кететін мәселе, А.Жантелеевтің ісіне қатысты шешім қабылдауда кімнің мүддесін қолдаған дұрыс деген таңдау болған жоқ. Прокуратура тиісті дәлелдер жетіспейтін кез келген істі тоқтата алады», деді ресми өкіл.