А.Жұмағалиев бірқатар халыққа қызмет көрсету орталықтары бойынша қызметтік тексерістерді жүргізуді тапсырды

Атап айтқанда, министр Астана қаласындағы Алматы ауданының, сондай-ақ Алматы қаласындағы Медеу аудандық халыққа қызмет көрсету орталықтарында орын алған заңсыздықтар бойынша қызметтік тексерулерді жүргізіп, бір аптаның ішінде есеп беруді тапсырды. Сонымен қатар ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын үйлестіру және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру жөніндегі комитет жүргізген бақылау іс-шаралары барысында Алматы облысының Текелі және Қарасай аудандық ХҚКО бірінші басшыларының қарамағындағы қызметкерлерден ақша бопсалағандары анықталды. Ал Қостанай облысының халыққа қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары мемлекеттік сатып алулар кезінде заңсыз әрекетке барған. Қазіргі кезде осы заң бұзушылықтар бойынша қылмыстық істер қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
«Бәріміз жақсы білеміз, Президент министрлікке орталықтардың жұмысын жетілдіруді, халыққа сапалы қызмет көрсетуді қадағалауды, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру жұмысын тездетуді тапсырған болатын. Сондықтан мен Сіздерге айтайын, қазіргі қолға алынып жатқан іс-шаралар - бұл науқаншылық емес, бұл - тұрақты түрде жүргізілетін жұмыс болмақ», - деп атап көрсетті министр А.Жұмағалиев.