Абаев: Бұл күн - төл тарихымызда тұңғыш рет президенттік басқару жүйесі бастау алған күн

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өзінің Фейсбуктегі парақшасында барша қазақстандықтарды 1 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесімен құттықтады.

Абаев: Бұл күн - төл тарихымызда тұңғыш рет президенттік басқару жүйесі бастау алған күн

«Ардақты ағайын! Бүгін халқымыз мемлекеттік мереке - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін қарсы алуда. Бұл күн - төл тарихымызда тұңғыш рет президенттік басқару жүйесі бастау алған күн», - деп жазды министр.

Сондай-ақ, Дәурен Әскербекұлы егемендіктің ең қиын жылдарында президенттік билік қоғамды топтастырудың, саяси тұрақтылық пен қалыпты дамуға жұмылдырудың құралы ретінде қызмет еткенін атап өтті.

«Елбасының басқаруымен халқымыз біртұтас ұлт ретінде нығайып, әлемге жаңа Қазақстанды әйгілей отырып, табысты мемлекет құрды. Еліміз бірліктің бесігіне, татулықтың тұрағына айналды», - деді ол.

«Мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, баршаңызға бақ-береке, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін!» деп түйді құттықтау сөзін министр.