Абаев: Өңірлер бюджеттен спортқа жұмсалатын шығынның жылдық лимитін бекітуі керек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев өңір бюджеттерінен спортқа жұмсалатын шығынның жылдық лимитін бекітуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абаев: Өңірлер бюджеттен спортқа жұмсалатын шығынның жылдық лимитін бекітуі керек

«Тағы бір маңызды мәселе – жергілікті бюджеттің жалпы спортқа жұмсалатын шығынының жыл сайынғы лимитін белгілеу. Оның кем дегенде 10 пайызы жан басына қаржыландыруға бағытталуын ұсынамыз.

Шығын аз болса, механизм әрі кетсе жарты жыл жұмыс істейді. Жан басына қаржыландыру механизмі шынайы пайда әкелмесе, оған адамдар сенімсіздік таныта бастайды», - деді ол Үкімет отырысында.

Сондай-ақ, ол спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерін жан басына қаржыландыруды халықтың оң бағалап отырғанын айтты.

«Жүз мыңдаған бала мен жасөспірім уақытын сапалы өткізуге мүмкіндік алды. Алдағы он жылдың көлемінде біз мұның зор нәтижесін көреміз», - деді министр.

Оның айтуына қарағанда, қазір елімізде 500 мыңнан астам адам «Қазақ күресі», «Тоғызқұмалақ», «Асық ату» сияқты ұлттық спорт түрлерімен айналысып жүр.

«2021 жылдан бастап дене шынықтыру сабақтарына ұлттық спорт түрлері міндетті компонент болып енгізілді. Қазір оқушылар арасында «Қазақ күресі», «Тоғызқұмалақ» пен «Асық ату» сияқты спорттық ойындар кеңінен танымал.

2021 жылы 57 мың адам ұлттық спортпен айналыса бастаған. Қазір елімізде төл спорт түрлерімен шұғылданатын адамдар саны 500 мыңнан асады», - деді Дәурен Абаев.