Абаттандыру жұмыстарының сапалы жүргізілуіне жауапкершілік жүктелмек

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет басшысы Олжас Бектенов ел аумағын абаттандыру және көгалдандыру бойынша әкімдіктер мен министрліктерге бірқатар тапсырма берді.

Олжас Бектенов
Фото: primeminister.kz

«Өңір әкімдері жол карталарының толық және сапалы орындалуын қамтамасыз етсін. Қалалардың өмір сүруге қолайлы әрі жайлы болуы маңызды. Сондықтан, әкімдіктер жол карталарымен шектеліп қалмай, туындаған проблемаларды шұғыл шешіп, халықтың пікіріне құлақ асқаны жөн. Екіншіден, қалалардағы жасыл желекті көбейту керек. Отырғызылатын көшеттердің барынша жерсініп кетуін және оларға нақты күтімді қамтамасыз ету қажет», - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында. 

Үкімет басшысы әкімдіктерден бөлек, бірнеше министрлікке тапсырма берді. 

«Өнеркәсіп және құрылыс, Экология және табиғи ресурстар және Қаржы министрліктері аумақтарды көгалдандыру бойынша жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алудың ашықтығын қамтамасыз етуге арналған заңнамалық түзетулер әзірлесін. Үшіншіден, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өңірлердің жол карталарының уақтылы және сапалы іске асырылуына тиісті бақылауды қамтамасыз етсін», - деген міндет қойды О. Бектенов. 

Сондай-ақ, Премьер-Министр абаттандыру жұмыстарының сапалы және уақтылы орындалуы үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін бекіту жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды.