Абай — Акиф Ерсой: қазақ-түрік жастарына жаңа халықаралық білім гранты беріледі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақ-түрік жастарына арналған жаңа білім гранты пайда болады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

Білім гранты
Фото: halyq-uni.kz

— Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында бірқатар келісімдерге қол қойылды. Оның ішінде «Абай — Акиф Ерсой» стипендиялық бағдарламасы да бар. Бұл — Қазақстанның азаматтарына Түркияның жетекші оқу-орындарында стипендия арқылы оқу мүмкіндігін береді. Сондай-ақ Түркия азаматтары да Қазақстанға келіп білім ала алады, — деді министр.

Еске сала кетейік, бүгін Тоқаев пен Ердоған стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойды.

Екі елдің ресми делегация мүшелері мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейдегі құжаттармен алмасты. Қазақстан мен Түркия 14 құжатқа қол қойды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 14 мыңға жуық азаматымыз Түркияда оқып жатқанын айтты.