«Абай арманы» зиялылар клубы ашаршылық мәселесін талқылады
АСТАНА. 25 мамыр. ҚазАқпарат - Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті жанындағы «Абай арманы» зиялылар клубының кезекті мәжілісінде 1930-1933 жылдары болған ашаршылық мәселесі талқыланды.
Клуб отырысына Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Талас Омарбеков арнайы қатысып, бір жарым сағат бойы сол бір қайғы-қасіретке толы кезең туралы сөз сөйледі. Өз сөзінде ол Қазақстан тарихын жазу кезінде жіберілген қателіктерге тоқталды, тақырыптың өзегін ашқан нақты тарихи фактілерді де келтірді. «Тарих дерек пен дәйекке сүйенеді. Бүгінде біз 1,5 млн. адам қырылып, 1 млн.-ы Қытай асып кетті деген мәліметтерді мектеп оқулықтарынан жиі байқаймыз. Ал Қытайдың деректеріне сәйкес, ол жаққа небәрі 62 мың қазақ шаңырағы ғана өтіп кеткен», - дейді ғалым. Оның айтуынша, ресейлік және шетелдік тарихшылар ашаршылық кезінде Қазақстанда небәрі 1 млн. 300 мың адам қайтыс болды дейді. Дегенмен, Ресейдегі Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (КГБ) мұрағатынан мүлдем басқа деректер табылды.
«Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметтерінде қазақтың саны 6 млн. 86,7 мың адам болған деп көрсетілген. 1930-1933 жылдардағы нақты шығын 1 млн. 831441 адамды құрады. Сол мұрағаттың қосымша бір құжатында 1933 жылы тағы 723,5 мың қырылды деп нақты жазылған. Сонда ашаршылық кезінде 2 млн. 351 мың адам мерт болған жоқ па? Ресейлік ғалымдар болса, оның жартысын табиғи өліммен байланыстырып отыр. Енді қараңыз, 1933 жылдары 3 млн. 735,1 адам тірі қалса, қалған 50 пайызы, ол - 1,8 млн. адам. Демек, 700 мыңнан астам адамның өлу фактісі жасырын болған. Негізі, 1930-1935 жылдары 6 млн адамға 35 млн 316 400 бас мал келген екен. Нәубет қайдан шықты? Сол халық шаруашылығын ұжымдастырудан шықты ғой», - дейді Т.Омарбеков.