Абай ескерткіші алаңында «Ұлттық рух, елдік сана, нұрлы Астана» атты кітап және поэзия мерекесі өтті

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Абай ескерткіші алаңындағы іс-шараның салтанатты ашылуы ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.
ҚР еңбек сіңірген қоғам қайраткері, ақын Кәкімбек Салықов елорданың туған күнімен құттықтап, «Астана - Азияның ару қызы» өлеңін тарту етті.
Қалалық тілдерді дамыту басқармасының төрайымы Асанғазы Оразгүл «Астана Кәкімбек ағамыз айтқандай күн сайын, жыл сайын қызғанып қарайтын қыздай бойжетіп келеді. 11 жыл бұрын қандай еді, қазір қандай? Қаншама көше елдік рухқа бөленді, қаншама мектептер салынып жатыр. Біздің басқармада қыздар көп болғандықтан мен жыл сайын қыз ұзатып, келін түсіріп жатамын. Биыл да жылдағы рәсіммен Абай атасының туылған күнінде Құралай Бақберген атты қызымыздың тұсауын кесейік», деп жиналған жұртқа ақ тілегін айтты.
Мерекенің құрметті қонағы - халық ауыз әдебиеті үлгілерін Абай, Шәкәрім, Мағжан шығармаларын жатқа оқитын, көркемсөз оқу шебері Даниял Әсенов өлең жырлармен халқын сусындатты.
Астананың туған күніне арналған іс-шараға ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, студенттер, оқушылар және қала тұрғындары қатысып, ескерткіш жанында өлеңдер оқылып, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.
Сонымен қатар Астана қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі кітап көрмесін ұйымдастырды.
Мереке «мүшәйра» жеңімпаздарын марапаттаумен аяқталды