Абай күніне арналған іс-шараларға мыңнан аса әскери қызметші қатысты
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Қазақстан халқы ұлы ойшыл, ағартушы, ақын Абай Құнанбайұлының мұрасын ұлықтап жатыр, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрлік атап өткендей, ұлы ақынның білім мен еңбек, ар мен әділет, ел мен жер туралы тағылымды ойлары әскери-патриоттық тәрбие жүйесінде де кеңінен көрініс тауып келеді.
Бұл күндері Қарулы күштердің барлық түрлері мен әскер тектері, өңірлік қолбасшылықтар, әскери бөлімдер мен мекемелерден мыңнан аса әскери қызметші ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған мәдени-ағартушылық және тәрбиелік іс-шараларға қатысты.
Қарулы күштерде республикалық челлендж ұйымдастырылып, әскери қызметшілер Абайдың өлеңдері мен «Қара сөздерінен» үзінділер оқып, бейнероликтер түсірді.
Әскери бөлімдер мен әскери оқу орындарында әдеби оқулар, мәнерлеп оқу байқаулары, тақырыптық кездесулер мен пікірталастар, сұрақ-жауаптар және кітап көрмелері өтті.
Жас жауынгерлер рухани-адамгершілік пен әскери-патриоттық тәрбиенің маңызды бөлігіне айналған Абайдың бай мұрасына ерекше назар аударды.
Абай күні қарсаңында Абай гарнизонына қарасты 32388 әскери бөлімінің база сержанты, 2-сыныпты сержант Әли Нұрахметов қыздарымен бірге қаладағы көрікті орындардың бірінде серуендеп, олар ұлы ақын Абай Құнанбайұлының өлеңдерін жатқа оқыды. Бұл – өскелең ұрпақтың ұлттық руханиятты дәріптеп, Абай мұрасын насихаттаудың жарқын көрінісі. Отбасылық құндылықтар мен ұлттық тәрбиені ұштастырған бастама Абайдың рухани мұрасын кейінгі буынға жеткізудің маңызын тағы бір айшықтады.
— Абай мұрасын құрметтеп, кеңінен насихаттау — қоғамның рухани бірлігін нығайтып, ар-намысты биік қоятын, білімге ұмтылатын, жауапкершілікті сезінетін және Отанға адал қызмет ететін жас ұрпақты тәрбиелеуге ықпал етеді, — делінген ведомство хабарламасында.
Осыған дейін Семейде Абай күніне орай 35 метрлік Рәміздер алаңы ашылғанын жазған едік.