Абай облысы Ақсуат ауданында егіс алқаптарында су үнемдеу технологиялары қолданылуда
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай облысындағы Ақсуат ауданында алғаш рет суармалы егіс алқаптарында су үнемдеу технологиялары қолданысқа еніп отыр.

Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, биыл Ақсуат ауданында 8 440 гектар суармалы егістік жерлерді игеру жоспарланған.
Бұл алқаптардың 538 гектары — дәнді дақылдар, 200 гектары — майлы дақылдар, 178,5 гектары — картоп, 310 гектары — көкөністер мен бақша дақылдары, 20 гектары — азықтық жүгері, 793 гектары — көпжылдық шөптер.
«6400,5 гектар суармалы егістікте өткен жылдардағы көпжылдық шөптер өседі. Аудан бойынша көктемгі егіс жұмыстарына 85-90 шаруашылық құрылымдары қатысты. Жергілікті шаруашылық құрылымдары Өскемен қаласындағы „Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты“ ЖШС, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы, Абай облыстарының және көрші шаруашылықтардан алынған дәнді дақылдардың, жүгерінің, көпжылдық шөптердің, картоптың жоғары сапалы тұқымдарын ұсынды», — делінген ақпаратта.
Көктемгі егіс жұмыстарына 23 ГАЗ-53 жүк көлігі, түрлі маркалы 47 трактор жұмылдырылған. Олардың ішінде К-700, 15 МТЗ-1221, 4 ДТ-75, 25 МТЗ-80-82, 31 ҚХР тракторлары бар.
Сондай-ақ 47 соқа, 47 тырма және 31 сепкіш қамтылған, оның 20-сы — дәнді дақылдарға, алтауы картоп салатын, 3-еуі — көкөніс және бақша дақылдарына арналған тұқым сепкіштер.
«Ауданда алғаш рет суармалы егіс алқаптарында су үнемдеу технологиялары енгізілуде. Сәтбаев ауылдық округінің „Алтын-Алтай“ шаруа қожалығы Қытайдан әкелінген тамшылатып суару жабдықтарын орнатты. Бүгінде 200 гектар майлы және бақша дақылдары тамшылату арқылы суарылады. Алдағы жылдары бұл әдісті 1 000 гектарға дейін кеңейту жоспарланып отыр», — делінген хабарламада.