Абай облысы Курчатов қаласында абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысындағы Курчатов қаласында абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

 Болат Әбдірәлиев
Фото: Абай облысының әкімдігі

Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте Курчатов әкімі Болат Әбдірәлиев қалада атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Бүгінгі таңда бірқатар көрсеткіш бойынша оң динамика бар.

«Биыл құм-қиыршық тас қоспасын өндіру үшін «Придорожное» кен орнын игеруді бастау жоспарлануда. Сондай-ақ елдегі ең ірі жанармай құю станциялары желісінің құрамына кіретін заманауи жанармай құю станциясының құрылысы басталмақ. Болашақта сода күлін шығаратын зауыт құру мүмкіндігі қарастырылуда», - деді ол.

2021 жылы басталған 120 орындық «Тополек» балабақшасын қайта жаңарту аяқталды. Жаңа балабақша осы жылдың 3 маусымында пайдалануға берілді.

Қалалық ауруханада қызмет көрсету жағдайларын жақсарту үшін Call сenter операторларының штаты көбейтіліп, тіркеуге үш қызметкер қосылды. Бірінші қабатта күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, енді үшінші және төртінші қабаттарға жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

«Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Аула спортын дамыту аясында үш спорт алаңында жөндеу жұмыстары және шағын футбол алаңының құрылысы қолға алынған. Апаттық жағдайдағы құбырларға жөндеу жүргізілді. Ауыз судың тозығы жеткен жүйесін қайта құру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде», - деді Болат Әбдірәлиев.

Бұдан бөлек, бірыңғай жылу көзі мен кәрізді тазарту станциясын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жаз кезінде қаланың сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында бес көппәтерлі үйдің қасбеттері қайта боялып, үш ғимаратта мурал салынады.