Абай облысы Саржал ауылында қымыз өндірісі дамып келеді

Қымыз өндірісі
Фото: Абай облысы әкімдігінен

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысы Абай ауданындағы Саржал ауылында қымыз өндірісі дамып келеді. 

Бүгінде облыстағы елді мекендерді дамыту стратегиясы шеңберінде Жол картасы әзірленіп, жүзеге асырылып жатыр. Бұған Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Родина ауылының табысты тәжірибесі негіз болып отыр. 

«Родина ауылына барған былтырғы сапарымыз жақсы әсер қалдырды. Біз жергілікті өндірістік кәсіпорындардың жұмысымен жан-жақты таныстық. Енді содан көргенімізді Абай ауданын дамыту үшін қолданамыз. Алдағы уақытта да осылай үздік тәжірибелерді ескере отырып, аудан тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін жағдай жасаймыз», - деді Абай ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Әкімбаев.

Абай ауданының Саржал ауылдық округінде қымыз өндірісі қарқынды дамып келеді. «Жарылғасын» шаруа қожалығы 2021 жылдан бері күніне 100 литрге дейін қымыз өндіреді. 

Қымыз
Фото: Абай облысы әкімдігінен

Қазіргі уақытта күн сайын ауыл тұрғындары үшін қымыз қабылдап, оны өндіру және арнайы бөтелкелерге құю бойынша жоба әзірленуде. Өндірісті тәулігіне 5 тоннаға дейін ұлғайтумен бірге өнімді республикалық нарыққа шығару және қосымша жабдықтар сатып алу көзделуде. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болмақ. Алдағы жоспар бойынша қымыз құюға арналған бөтелке шығаратын құрылғыдан басқа қажетті бірнеше жабдық сатып алу міндеті тұр. Сондай-ақ қымыздың ұнтақ түрі мен саумалдан балмұздақ шығару көзделіп отыр. 

Айта кетейік, Абай облысының делегациясы Родина ауылына тәжірибе алмасу және танысу мақсатында барып қайтқан еді. Делегация құрамында 10 ауылдық округ әкімдері мен ірі кәсіпкерлер болған. 

Соңғы жаңалықтар
telegram