Абай облысы Жарма ауданында бруцеллез ауруының өршуіне байланысты карантин жарияланды
СЕМЕЙ. KAZINFORM –Абай облысы Жарма ауданы Бұлақ ауылында ірі қара малдан бруцеллез ауруының анықталуына байланысты шектеу шаралары енгізілді,

Екі жүзге жуық мал бруцеллез жұқтырған. Бұл туралы облыстық ветеринария басқармасынан хабарлап отыр.
— Бүгінгі таңда шаруа қожалықтарынан 193 бас ірі қара мал союға жіберілді. Барлық ауру зертхана арқылы расталды, - делінген ақпаратта.
Ведомствоның хабарлауынша, ветеринарлық талаптарға сай карантиндік шаралар жүргізілген. Алайда жергілікті тұрғындар сау малдың екпесіз қалып жатқанына алаңдаулы.
— 12-сі сиырым ауру жұқтырды. Ал көршімнің жиырмадан астам сиыры ауырды. Ауылда аз уақыттың ішінде 300-ге жуық малымыздан айырылдық. Қазір карантинге байланысты қалған малға екпе салу мүмкін емес. Вакцинаны өзіңіз сатып алсаңыз да жарамсыз болып саналады, - дейді ауыл тұрғыны Серікхан Серікбайұлы.
Ветеринариялық қызметтің мәліметінше, бұл елді мекенде соңғы үш айда 50-ге жуық бруцеллез тіркелген. Мамандар жағдайды тексеріп, бақылауды жалғастыруда.
Еске салсақ, бұған дейін үш мегаполисте 13 заңсыз мал сою цехы табылғаны хабарланған.