Абай облысында 1,4 млрд теңгеден астам бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол берілмеді

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Аягөз ауданының прокуратурасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бюджет қаржысын тиімсіз пайдаланылуына жол бермеу бойынша шара қабылдады. 

прокуратура
Фото: Бас прокуратура

Тексеру нәтижесінде биылғы 30 мамырда аудандық ТКШ бөлімі мен «МИТ Теплосервис» ЖШС арасында «Орталық» қазандығына күрделі жөндеу жүргізу туралы 1 млрд теңгеден астам сомаға шарт жасалғаны анықталды. Мемлекеттік сатып алу рәсімі төтенше жағдайдың салдарын жою деген сылтаумен бір көзден алу тәсілі арқылы жүргізілген.

- Алайда 2025 жылы Аягөз ауданы аумағында қандай да бір төтенше жағдай тіркелмеген. Бұл бір көзден сатып алу тәсілін қолдануға заңды негіздің болмағанын көрсетеді.

Сонымен қатар, 2023 жылғы 10 қарашада осы бөліммен дәл осы нысанға жаңа қазандық орнату туралы 110 млн теңгеге үш жылдық кепілдікпен шарт жасалғаны белгілі болды. Яғни, қазандықты күрделі жөндеудің өзі де негізсіз болып шықты, - делінген ақпаратта.

Аудан прокуратурасы ұсынымының нәтижесінде заңсыз жасалған шарттың күші жойылды. Бөлім басшысы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 207-бабы бойынша жауапкершілікке тартылып, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде 1,4 млрд теңгеден астам бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеді.

Айта кетейік, Абай облысында 68 мың тонна құмды заңсыз қазғандар анықталды.