Абай облысында 172 жүргізушіге заңсыз салынған айыппұлдардың күші жойылды
АСТАНА. KAZINFORM – Абай облысының Аягөз ауданында жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін камералардың жұмысынан заң бұзушылық анықталды.
Аудан прокуратурасының мәліметінше, Аягөз қаласындағы көшелердің бірінде көлік қозғалысына рұқсат етілген жылдамдық сағатына 60 шақырым болғанымен, автоматты тіркеу кешенінде шекті жылдамдық қате түрде 40 шақырым болып белгіленген.
«Осының салдарынан 172 азамат әкімшілік жауаптылыққа заңсыз тартылған», – деп хабарлады прокуратура.
Прокурорлық қадағалау актісі негізінде заңсыз шығарылған барлық әкімшілік қаулылардың күші жойылды.
Сонымен қатар жүргізушілер төлеген айыппұлдарды қайтару жұмыстары басталды.
«Қазіргі таңда көлік иелеріне 800 мың теңгеден астам қаражат қайтарылды. Қаражаттарды қайтару жұмыстары жалғасуда», – делінген хабарламада.
Прокуратура азаматтарға әкімшілік жауаптылыққа заңсыз тарту фактілері анықталған жағдайда өз құқықтарын қорғау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға немесе прокуратураға жүгінуге болатынын ескертті.
Айта кетейік, көлікте белдік тақпай жүргендердің айыппұлы есептен шығарылады.